«ҚАЗТЕСТ жүйесінің жаңа форматы: даму перспективалары» тақырыбындағы ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшыларына арналған біліктілікті арттыру курсын өткізудің БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ
2006 жылдан бері елімізде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының базасында тілдік білімді бағалаудың халықаралық жүйелері талаптарына сәйкес қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ тестілеуі өткізіліп келеді.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2019 жылғы 12-13 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының әзірлеушілері мен сарапшыларының біліктілігін арттыру мақсатында «ҚАЗТЕСТ жүйесінің жаңа форматы: даму перспективалары» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізеді.
Курстың мақсаты – ҚАЗТЕСТ жүйесінің бүгінгі жай-күйі, жетістіктері мен алдағы бағыттары, тілдік білімді бағалаудағы озық тәжірибелермен танысу, тәжірибе барысында қолдана білу, сонымен бірге, халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің мазмұнымен танысу арқылы қазақ тілін оқыту бойынша әдіскерлерге, оқытушыларға, ҚАЗТЕСТ сарапшыларына әдістемелік көмек көрсету.
Курс барысында тілдік білімді бағалаудағы тест тапсырмаларының ерекшеліктері талқыланып, ҚАЗТЕСТ жүйесінің жаңа форматы ұсынылады. Тест тапсырмаларын әзірлеушілерге ҚАЗТЕСТ-тің жаңа форматы негізінде әзірленген практикалық тапсырмалар ұсынылып, сарапшылар тарапынан бағаланатын болады. Сонымен бірге, курс тыңдаушылары «Қырғызтест» өкілдері тарапынан әзірленген тілдік білімді бағалауға арналған тест тапсырмаларымен танысып, өзара пікір алмасады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Ш.Т. Каринова, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, Мемлекеттік тілді дамыту қорының басшысы А.С. Шәуеев, Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы «Қырғызтест» мемлекеттік мекемесінің директоры, Қырғыз Республикасының білім беру ісінің үздігі Топоева-Ставинская Батма Болоталиевна және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының оқытушылық-профессорлық құрамы, тілші-ғалымдар мен әдіскерлер қатысады деп күтілуде.
Аталған іс-шара аясында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың көрмесі ұйымдастырылады.
Курс соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады.