Размер шрифта: A A A Цвет сайта Ц Ц Ц Қалыпты нұсқасына көшу

Мәтіндерге сәйкес тест тапсырмаларына дұрыс жауапты анықтау керек.

1-мәтін.

Ғалым туралы естелік  
Омбыдағы Кадет корпусында Шоқан Потанинмен дос болады. Потанин – қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуші, ғалым Шоқан туралы естеліктерінде былай деп жазады: «...Мен Шоқанмен корпусқа оқуға келгенде таныстым. Ол орысша білмеді, мен қазақша білмедім. Бірақ Шоқан орыс тілін тез үйреніп алды. Екеуміз де кітап оқуды жақсы көрдік, әсіресе саяхатшылар туралы кітапқа қатты қызығатынбыз, сондықтан екеуміз жақсы дос болып кеттік.
Мен қазақ даласы мен географиясы туралы білгенімді дәптерге жазып жүрдім. Шоқан сол жазуларды өз әңгімесімен толықтырады. Сөйтіп, біз қазақтардың бүркітпен аңға шығуын толық жаздық.
Шоқан кейіннен оқуда орыс достарынан да озып кетті. Ақылды, дарынды балаға үлкендер де қызыға қарайтын. Демалыс күндері оны офицерлер мен Сібір шенеуніктері үйлеріне шақыратын. Ол қаладағы өнерлі, білімді адамдармен көп араласып тұрды.
Шоқан өте көп оқитын, саяхатшы болуды армандайтын. Қаладағы кітапханадан кітап алу сол кезде тек Шоқанға ғана рұқсат етілді. Ол әкелген кітаптарды мен де оқитынмын.
Біз Шоқаннан үлкен болсақ та, білім жағынан ол бізден әлдеқайда жоғары еді. Корпус оқушылары үшін Шоқан «Еуропаға ашылған терезе» секілді еді».


1-МӘТІНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

1. Мәтінге сәйкес келмейтін ақпаратты таңдаңыз.

А) Ш.Уәлиханов Кадет корпусында оқыды.
В) Шоқан Потанинмен жақын жолдас болды.
С) Потанин Шоқаннан бірнеше жас кіші болды.
D) Екі дос саяхатшылар туралы кітаптарды көп оқитын.

2. Мәтінде жауабы бар сұрақты таңдаңыз.
А) Шоқан Омбыда қайда тұрды?
В) Шоқан кітапханада кіммен танысты?
С) Шоқан мен Потанин қалай дос болды?
D) Шоқанның саяхатқа кімдермен барды?

3. Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.
А) Шоқан өте дарынды, алғыр еді.
В) Шоқан ешкімге сырын айтпайтын.
С) Шоқанның достары қазақша жақсы білді.
D) Шоқан дарынды балаларға қызыға қарайтын.

4. Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.
А) Омбы, естелік, саяхат
В) Қазақ, Шоқан, география
С) Шоқан, Потанин, дос, оқу
D) Шоқан, кітапхана, Еуропа

5. Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты табыңыз.
А) Шоқанның өнерлі достары өте көп.
В) Ол білімді адамдармен жақсы таныс болатын.
С) Шоқан қаладағы өнерлі, білімді адамдармен жақын араласты.
D) Шоқан қаладағы өнерлі, дарынды балалармен араласып тұратын.

6. Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыз.
А) Шоқанның орыс тілін тез меңгеруі
В) Шоқанның саяхатшы болуды армандауы
С) Оқу кезіндегі Шоқанның зеректік танытуы
D) Шоқанның корпус оқушыларынан ерекшелігі

2-мәтін.
Банк қызметі

Банктік жүйе – өндірістік инфрақұрылым. Өндіріс болса банк те керек. Банк бос капиталды өзіне жинап, оны қажет болып отырған кәсіпорындар мен адамдарға қарызға береді.
Банк – несие-есеп айырысу, касса операцияларымен басқа да операцияларды жүзеге асыратын мамандандырылған қаржы мекемесі. Банктер өзіне ақшалай қаражатты жинақтап, оны несие түрінде уақытша пайдалануға береді. Кәсіпорындар, мекемелер немесе жеке тұлғалар арасындағы өзара төлемдер мен есептесулерде делдалдық қызмет көрсетеді. Жаңа ақшалар мен бағалы қағаздар шығарады, мемлекеттегі ақша айналысын реттейді. Банктер ақша, несие, валюталық саясатты жүзеге асырады. Банкке жеке тұлға да, заңды тұлға да клиент бола алады.
Қазақстанның банктік жүйесі екі деңгейде: біріншісі – мемлекеттік, екіншісі – коммерциялық. Бірінші деңгейдегі банктер – ұлттық банктер екінші деңгейдегі банктерді тексереді, тіркейді. Әр банк ашылған сайын Ұлттық банк лицензия береді.


2-МӘТІНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫ 

7. Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.
А) банк, несие, касса
В) жүйе, банк, деңгей
С) банк, кәсіпорын, несие
D) кәсіпорын, лицензия, операция

8. Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.

Берілген мәтін қай салаға жатады?
А) тарих
В) саяси
С) құқық
D) экономика

9. Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.
Қызметіне қарай банктер ... бөлінеді.
А) екіге
В) үшке
С) беске
D) он екіге

10. Мәтінге сәйкес ақпаратты таңдаңыз.
Банк ... айналысады.
А) пайызсыз несие берумен
В) қажет ететіндерге қарыз берумен
С) лицензия және өзара төлемдер берумен
D) кәсіпорындар мен мекемелерді реттеумен

11. Мәтін бойынша толық және нақты ақпаратты таңдаңыз.
Банк ... саясатын іске асырады.
А) валюта, несие
В) валюта, несие, қаржы
С) бағалы қағаздар, несие
D) несие, ақша, коммерциялық

12. Мәтінде жауабы бар сұрақты таңдаңыз.

А) Банк жүйесінің қызметі қандай?
В) Несиелер неше пайызбен беріледі?
С) Қандай бағалы қағаздар шығарылады?
D) Несие алу үшін қандай құжаттарды тапсыру керек?

3-мәтін. 

Тағылым отбасынан басталады

Жалпы, шаңырақ құру – күллі адамзаттық дәстүр екені түсінікті. Бірақ жер бетінде қанша халық болса, бұл дәстүрдің сипаттары да соншама сан алуан. Өйткені әр халық өзінің шаңырақ көтеру қуанышын өз тұрмыс-салттарына лайықтап, өздерінше қызықтауға тырысады. Осы үрдісті қазақ халқы да ғасырлар бойы өзгеге ұқсатпай, өздерінше дамытқаны анық. Олай болса, қазақтың шаңырақ көтеру сәтіндегі өзіндік ерекшеліктері бар.
Халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша, жаңадан көтерілер шаңырақтың мақсаты мен мәні ең әуелі тегіне орай үндестіріліп, ата-ананың ризашылықтарына негізделіп шешілетін. Мұнда негізгі қағида ретінде, тектілік пен адамгершілік парыздары бағдарға алынатын. Сондықтан бұл дәстүрді қазақ халқы сонау ерте ғасырлардан бері қарай жеті атаға дейін қыз алыспау салтымен орайластыра білгені белгілі.
«Өткенді білмей, келешекті білу мүмкін емес. Бұрынғының парқын білгендер, бүгінгінің нарқын ұғады»,-деген болатын Ғабит Мүсірепов атамыз. Халқымызда бұрыннан бар, әдет-ғұрып, дәстүрге мүмкіндігінше қанық болғанымыз жөн.
Қазақ халқының салт-дәстүріндегі бір ғана бала тәрбиесіне байланысты кәде-жоралғы бойынша даналық кітабын жасаса, кейінгі ұрпаққа асыл қазына ретінде тарту етуге тұрарлықтай кітап шығар еді. Мәселен, өмірге ұрпақ жалғасы нәресте келгендегі ел қуанышының жарқын көрінісі – сүйінші, көрімдік сұрау, байғазы беру өте жарамды дәстүр емес пе? Сол перзентке арналған шілдехана, балаға ат қою, бесікке салу, бесік жыры, бесік тойы, нәрестені қырқынан шығару, тіл ашар, тұсау кесер, атқа мінгізу, сүндет тойы – осының барлығы халқымыздың тот баспайтын асыл қазынасы.
Ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән береді. Өйткені, ұрпақ – болашақ. Оны әбден түсінген халық: «Балаңды беске дейін патшадай күт, он беске дейін қосшыңдай жұмса, он бестен кейін құрдасыңдай сыйла»,-деп бүкіл тәрбиелік тағылымды үш-ақ сөзге сыйдырады. «Патшадай күт» дегені – қамқоршы бол, өсір, мәпеле, жас шыбықтай баулы дегені, «қосшыңдай жұмса» дегені – жәрдемшің ет, жұмысқа сал, буынын бекіт, еріншектерден аулақтат дегені, ал «құрбыңдай сыйла» дегені – балаңа ес кірді, ақыл иесі болды, енді оның отау құруы жақын, оның да түбі өзіңдей ұрпақ қамқоршысы болатынын естен шығарма дегені. Ал осы ұлағатты сөзде ұрыс, ренжіт, қорқыт, еңсесін түсір деген бірде-бір сөз айтылмайды. Қазақтың ұрпақ өсіру пәлсапасы, міне, осындай қарапайымдылыққа құрылған.
Табиғатқа иелік етер күші болса да, адамды өзге тіршілікпен тең ұстаған да – қазақ. Бесіктегі қимасына «асқарым, асқағым» деп емес, жан-жануармен, жәндік атаулымен тағдырластығын мойындатып, «құлыным, ботам, қошақаным» деп еркелету де, шыбынға да қиянат болмасын деп, «шыбыным» деп айналу да алдымен қазаққа тән. Бүкіл болмысы, шыбын жаны перзенттің үстінде болған қазақтың баласын шамадан тыс тойындырып, ошақтың түбінде қорғаштағаны да ешбір тарихта жоқ. Жеті жасар айдарлысын жауға аттандырып, он бесіндегі ұлына ел басқартқан халық бұл!


3-МӘТІНГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТЕСТ ТАПСЫРМАЛАРЫ 

13. Мәтін мазмұны бойынша дұрыс нұсқасын көрсетіңіз.

Барлық адамзатқа тән дәстүр – ... .
A) тұсау кесу
B) сүйінші сұрау
C) шаңырақ құру
D) баланы бесігіне салу

14. Сөйлемді жалғастырыңыз.
Әр халық шаңырақ құру салтын ... .
A) жағдайына қарай лайықтайды
B) даму жағдайымен байланыстырады
C) әдет-ғұрпына қарай ыңғайлайды
D) жалпыңа ортақ салты бойынша қызықтайды

15. Мәтін мазмұнына орай толық және нақты нұсқаны таңдаңыз.
Шаңырақ көтеру ... .
A) ата-анасының жағдайына байланысты
B)ата-анасының көңіл-күйіне негізделеді
C) ата-ананың ризашылығына негізделеді
D) тегіне, ата-анасының көңілдеріне байланысты

16. Мәтінге сәйкес нұсқаны табыңыз.
Белгілі жазушының айтқан сөздерінің мағынасы.
A) Өткенді де, бүгінгіні де білу парызымыз.
B) Өткенді білмегенмен келешекті білу керек.
C) Бұрыңғыны білмесе де, бүгінгіні білу керек.
D) Тарихты білмеген адам бүгінгіні дұрыс бағалай алмайды.

17. Мәтінге сәйкес сөйлемді дұрыс аяқтаңыз.
Қазақтың шаңырақ құрудағы негізгі салты – ... .
A) тектілік парыздарын сақтау
B) жеті атаға дейін қыз алыспау
C) адамгершілік парыздарын сақтау
D) жеті атаға дейін ауылдас қыздарды алмау

18. Сөйлемді толықтырыңыз.
Балаңды беске дейін ... күт, он беске дейін ... жұмса, он бестен кейін ... сыйла.
A) құрбыңдай, құлыңдай, патшадай
B) досыңдай, құлыңдай, теңдесіңдей
C) билеушіңдей, құлыңдай, теңдесіңдей
D) патшадай, теңдесіңдей, құрдасыңдай


Тізімге кері қайту

Ақпараттық материалдар

Информационные материалы

ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша компьютерлік тестілеу

Download

Байланыс

Адрес:

проспект Победы, 60

Телефон / факс:
  • +7 (7172) 51 83 10
  • +7 (7172) 51 83 06
  • +7 (7172) 27 92 19
  • +7 (7172) 27 92 18
Электронная почта:

test@kazakhtest.kz

Наверх