5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері мерекесі. ҚАЗТЕСТ ұжымы барша қазақ елін мерейлі мерекемен құттықтайды!
1989 жылы «Тіл туралы» Заңымыз қабылданғаннан бері жыл сайын бүкіл еліміз Егеменді Қазақстанның ең маңызды мерекелерінің бірі – тіл мерекесін атап өтуде. Аталған мереке жалпыхалықтық мереке ретінде азаматтарды татулық пен бірлік идеялары төңірегінде топтастыруға, жас ұрпақты ұлттық патриотизм мен жалпы адамзаттық ынтымақтастыққа тәрбиелеуге, ана тіліміздің кеңінен насихатталып дамуына, өркендеуіне бағытталып отыр.
Бүгінде Тіл мерекесінің 5 қыркүйекте, яғни "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында кеңінен атап өтілуі заңдылық деп білеміз.
Тіл – қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі. Қай халықтың болса да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік болып ана тілінде ғана сақталса керек.
Ендеше тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген, тіліміздің өркендеуі, дамуы жолында бүкіл өмірін арнап, жанын қиған Алаш арыстарының арман-мұраттарын жалғастырып, тіліміздің дамуына, мәртебесінің асқақтауына үлесімізді қоса берейік!